Жанғозының блогы

білім жаңалықтарына және ұстаздарға арналады. Физиканы оқытуда жаңа ақпараттық технологияны қолдануды насихаттау.

Сапалы білім – заман талабы

Қазіргі кездегі қазақстандағы білім сапасының сын көтермейтіні баршамызға аян. Осы мәселені қалай шешуге болады, қандай қиындықтар бар сол жайлы Асқарбек ағамыздың мақаласын беріп отырмын.

Білім беру деңгейі экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көр­сеткіші екені белгілі. Ол – мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім берудегі артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына ықпалын тигізеді. Сондықтан білім берудің дамуы – үлкен ұлттық мәні бар міндет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге “қазіргі заманғы экономикалық және қоғамдық модернизацияның сұраныстарына сай келетін білім беру жүйесі қажет” екенін атап көрсеткен болатын.
Біздің мемлекеттің жақын 10 жылдағы стратегиялық міндеті – елімізді мейлінше бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына қосу. Бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына енуді жаһандық бәсекелестікке бейімділік индексінің негізінде бүкіл экономикалық форумның (ИТК) рейтингі бойынша анықтайды. Индекстің 10 көрсеткішінің екі көрсеткіші елдегі білім берудің дамуы мен сапасына қатысты.


Педагогикалық мағынада – білім беру өзін-өзі оқытуға, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі дамытуға, адамгершілік, рухани азаматтық талғам жасауға және осы талғам үшін жауапкершілікке, қазіргі әлем ұлттық ұқсастығын және жаһандық проблемаларын мойындауға, өз кәсібін және өзінің тиісті қызметін өзі анықтауға үйрету. Өйткені, мұның бәрі өзгермелі өмірде өзінің орнын табуға және елдің өркендеуі мақсатында болатыны сөзсіз.
Әлеуметтік тұрғыдан – бұл әлеуметтік ең мәнді игіліктердің бірі, ұлттық адам капи­талын өсірудің іргетасы және негізгі құралы.
Әлеуметтік-саяси мағынада – бұл азаматтық құндылықтар мен азаматтық сананы, азаматтық және демократиялық қоғамды жасау мен қалыптастырудың бірден-бір құралы.
Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан – бұл елдің экономикалық өсуінің, оның байлығы мен бәсекелестік қабілетінің қайнар бұлағы және негізгі ресурсы.
Өркениеттік мағынада – мәдениеттер мен өркениеттер жалғастығының негізі, бүгінде қоғамның жаңа қалыпқа – “білім қоғамына” және оған сәйкес “білім экономикасына” өтуді қамтамасыз ететін алтын көпір.
Осы себепті бүкіл әлемдік өркениетте экономикалық прогресс пен әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа ұмтылатын мемлекет пен қоғам білімнің дамуына мүдделі болып қана қоймай, онда өздерінің тұрақты қатысуына мүдделі. Бұл елдердегі білім саясаты әлеуметтік саясаттың тек ажырамайтын бөлігі болып қалмай, оның базалық негізін құрайды.
Білім саясатының негізгі мағынасы – ұлттық білім берудегі әлеуметтік идеология мен әлеуметтік басымдықтарды жасау және іске асыру.
Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінде білімнің рөлі елдің демократиялық қоғамға, құ­қықтық мемлекетке, нарықтық экономикаға өту міндеттерімен, таяудағы он жылда Қазақстанның бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы міндеттерімен анықталады.
Білім сапасын көтеруде қандай проблемалар бар?
Біздің мектептің жүріп өткен жолы еліміздің жолының айнасы іспеттес. (Себебі, мек­теп тек айна емес, үлкейтіп көрсететін шыны, өйткені, қоғам ол арқылы өзінің жетіс­тіктері мен кемшіліктерін анық көреді). Өткен тарихымызға бұрылып қарасақ, біз бұл жолдағы тек табыстарымызды байқап қоймай, үлкен қиыншылықтарды, көптеген қателіктерді, қасіретті сәтсіздіктерді көреміз.
Тоталитарлық билік ондаған жылдар бойы мектепті өз идеологиясының қаруы етіп келді. XX ғасырдың 80 жылдарының басында пайда болған мектеп ісінің дағдарысты жағдайы қоғамның да сондай мүшкіл халін көрсетті, оның бірінші себебі – тоталитар­лық биліктің дағдарысы, оның даму ресурстарының таусылуы еді. Мұндай терең әлеуметтік дағдарысты туғызған жалпы себептерден басқа кеңестік білім жүйесі дағ­дарысының өзге де ерекше себептері болды. Олардың ең бастысы – биліктің білім дамуының ішкі заңдылықтарын қаперге алмауы, оны толығымен мемлекетке алып қоюы, әлеуметтік және идеологиялық хирургияның бойкүйез объектісіне айналдырып жіберуі. Мектепті толық монополияға айналдырып, одан соң бәрін бірыңғай етіп, тоталитарлық билік оны дамуының негізгі қайнар бұлағынан – қоғамдық бастамашылдық (инициатива) пен ішкі әралуандылықтан айырды. Білімнің бұл белгілерден айырылуы иммунитетін жоғалтумен бірдей болды. Мектепті мұндай иде­ологиялық қыспаққа алу билікке тиімді еді. Біріншіден, білім беруді бірыңғай ету билі­ктің жалпы теңгермелі идеологиясы мен психологиясын көрсетіп қана қоймай, оны іске асырып отырды. Теңгермешілік кеңестік білім беруді құрудың мақсаты да, жүйе жасаушы факторы да болды. Ол теңдіктің арзан да мәнсіз түрі болды: егер теңдік векторы жоғары бағытталса, теңгермешілік векторы қашанда төмен бағытталады.
Мемлекеттің қарамағына мектептің толық өтуі оның көп міндеттері мен қызметтерінің жоғалуына, шын мағынасындағы жабық мекемеге айналуға алып келді. Жеке тұлға мүдделері мен қоғамның сұраныстары мектептен тыс қалды. Ол мемлекет үшін жұмыс істей бастады, осыған сәйкес педагогикалық шығармашылық құқынан айрылған мұғалім мемлекеттік шенеунікке айналды. Нәтижесінде мектептің қоғамнан, оқушының мектептен, оқытушының оқушыдан алшақтау жүйесі қалыптасты.
Мектептің осынша келеңсіздікке ұшырауы батыстық білім әлемінде жүріп жатқан үрдістерден оқшауланып қалғандықтан тереңдей түсті. Тіпті “темір тор” сыпырылған­нан кейін де әлемнің жетекші елдерінің білім беру жүйесін зерттеуге ТМД елдері мен Қазақстанда жеткілікті мән берілмеді. Тек 1996 жылдан бастап компаративист ғалым­дардың бастамашылдығымен Қазақстанда салыстырмалы педагогикадан алғашқы еңбектер жазыла бастады.
Кеңес мемлекетінен мұра болып қалған білімнің мазмұны жеке тұлғаны дамыту емес, тек білімді, ептілік пен дағдыларды (ЗУН) игеруге бағытталды. Білім беру аясынан қызметтің сан-алуан формалары мен түрлерінің тәжірибесі, әлемге эмоционалдық-құндылық тұрғысынан қарау, аралас-құралас болу тәжірибесі сияқты оның ең маңызды құрамдас бөліктері шығып қалды. Соның нәтижесінде тек үйлесімділігі емес, мектептің білімдік сипаты да жоғала бастады.
Білімді, ептілік пен дағдыны игеруге нұсқау беру, бір жағынан, педагогикалық сана­ның технократталуы, екінші жағынан, білім мазмұнын құруға дәстүрлі ақпараттық түсіндірмелік тұрғыдан келудің салдары еді. Дайын білімді беруге бағдарланған бұл көзқарас білімді жетілдіруді дәстүрлі мектеп курстары немесе жаңа оқу пәндерін енгізу арқылы білім беруді ұлғайту деп түсіндірді.
Білімді осылайша “жетілдірудің” нәтижесі бәрімізге белгілі: оқу пәндері қиындап кетті, қысқартылған жоғары оқу орындарының курстары пайда болды (мұнымен олардың ғылымилығы арта қойған жоқ), білім мазмұнының тұтастығы мен жүйелілігінен айырылып қалдық, ол тарыдай шашылған, нашар ұйымдастырылған, схоластикалық ақпараттық конгломератқа айналды. Оның кімге арналғаны, қолданыс әдістері мұғалімдерге де, оқушыларға да түсініксіз болды.
Осыдан барып оқушы мен мұғалімнің оқуы мен жұмысы ауырлап кетті, оқуға қызығу­шылық төмендеді, мектеп бітірушілерді дайындау сапасы құлдырады. Ақпараттық-түсіндірмелік көзқарас аясында білім мен ақпарат қуушылық – білімді ұйымдастыру мен оның тәсілдерінің экстенсивті жолы.
Ұлы орыс педагогы К.Ушинский былай деген: “Балаларды оқыту қажеттігі құрметіне бөленген “Барлық ғылымдарды шешуші байқаудан өткізу қажет. Біз баланың басына түкке тұрмайтын кез келген қоқықты үйе саламыз, одан соң адам не істерін білмей қалады”.
“Әлемнің бір де бір елінде, – деп жазды белгілі орыс ғалымы Е.Ямбург, – мынадай көлемдегі білімді, ептілікті, дағдыларды аяқпен теуіп баланың басына кіргіземіз деген міндетті ешкім де өз алдына қоймайды. Әлемнің бір де бір елінде біздегі сияқты қаталдықпен, күштеп оқытпайды… Біз “ЗУН” парадигмасын арттырумен келеміз. Күн санап дидактогендік неврозбен ауырған балалардың саны көбейе түсуде”.
“10-12 жыл бойы жастықтың ең жақсы кезінде алатын мектеп білімінің, – дейді қазіргі кездегі білім берудің білгірі В.К.Бацын, – 90%-дан астамы қажет болмай отыр”.

“Оқушылар жүктемесінің қиындауы бүгіндері мектептің ішкі қырсығына айналды. Бір аптада барлығы 168 сағат болуына қарамастан, барлық жұмыс түрлері мен тапсыр­маларды есептегенде, жоғары сынып оқушыларының жүктемесі аптасына 167 сағатты құрайды екен. Мұндай міндетті оқу материалдарының артықтығынан, 45 мемлекетте жүргізілген ЮНЕСКО-ның соңғы зерттеулеріне қарағанда, біздің балалар ең соңғы, үшінші топта, оның үстіне 13-орында қалып отыр. Осындай сәтсіздік тек шәкірттерге тән білімде емес, сондай-ақ қолданбалы, тіпті тұрмыстық білімде де кездесіп қалады”, – деп жазды орыстың аса ірі педагог-ғалымы Э.Днепров.
Белгілі орыс ғалымдарының бұл сөздерінің біздің қазіргі білім жүйемізге де қатысы бар. Себебі, практикалық тұрғыда, білім мазмұнын жасауда бізде әлі де болса ақпараттық-түсіндірмелік көзқарас басымдық танытады. Оған бір ғана дәлел, 12 жылдық мектептің мемлекеттік стандартының жобасында оқытылатын пәндердің саны көбейе түскен.
1991 жылдан бастап үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіруге едәуір күш жұмсалып келеді. Оның негізгі мақсаты – білім беруді дамытудың заңнамалық базасын қалыптастыру, оны тұжырымдамалық-бағдарламалық жағынан модернизациялау, стратегиялық бағдар беру, ғылыми-педагогикалық, әдістемелік құралдармен, кадрмен қамтамасыз ету, білім беру мекемелерін қаржыландыруды және олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту.
Отандық білім беру жүйесін реформалай отырып, біз оның дамуын мына бағыттарда қамтамасыз етуіміз керек еді:
- унитарлық және унификацияланудан ашықтық пен көптүрлілікке өту;
- тұлғасыздықтан тұлғалық бағдарлануға бет бұру;
- бір жақты білімдіктен, жігерлілік пен көпмәдениеттілікке көшу, бұл тек білімді жасау, оны жаңғыртумен шектелмейді, ол адамның көп және көп өлшемді интеллектуалына, көркем, рухани, практикалық қызметіне бағдарланған;
- схоластикалық, жалған академиялық, нәтижесіз білімнен (білім мазмұнының басым бөлігі оқушылардың мүдделері мен оны игеру мүмкіндіктерінен тыс қалады) өнімді және дамушы білімге қол жеткізу;
- репродуктивті және өзіне бейімдеуден продуктивті және дамытушы білімге өту, екін­ші сөзбен айтқанда, жеке тұлғалар мен қоғамның қарқынды жүріп жатқан өзгерістеріне “бейімделіп” қоймай, оны жасампаздықпен алға жылжыту.
Аталған міндеттер қажетті деңгейде іске асырылмай отыр.
Кез келген білім реформасы – бұл бәрінен бұрын білім беру мазмұнының реформасы. Бұдан басқа екінші кезектегілері – білім жүйесіндегі және оның инфрақұрылымындағы өзгерістер.
Жалпы білім беру мазмұнының реформасы – қазіргі кездегі білім реформасының ең бастысы және ең қиыны.
“Қазіргі өмір ескі білім жүйесінің дәрменсіздігін көрсетіп отыр және онан болып жатқан өзгерістердің табиғаты мен қарқынына сай келетін жаңа жүйе жасауды талап етіп отыр”, – деп жазды өзінің танымал “Футуршок” кітабында Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі американ ғалымы Алвин Тоффлер. Ертеңгі күннің мектебі тек ақпарат беріп қоймай, онымен жұмыс істеу әдістерін де үйретуі тиіс. Мектеп оқушылары мен студенттер ескі идеологияларды қабылдамай, оларды қашан және қалай алмастыруды үйренуі керек. Қысқаша айтқанда, олар үйренгенінен жиреніп, қайтадан оқып білуге үйренуі керек”.
Білім стандарты – білім беруде реформа жасау мен дамытудың құралы.
Білім стандарты – бұл мектептегі білім беру мазмұнының аясында қоғам мен мемлекет арасындағы жасалған келісім-шарт, басқаша айтқанда, қоғам мен мемлекет өз балаларын неге үйретуі керектігі туралы құжат.
Стандарт мыналарды қамтиды:
- уақыт пен елдің сұраныстарына сәйкес білім берудің мазмұнын түбегейлі жаңарту;
- білім берудің практикалық бағыттылығы және оның нәтижелерінің өмірлік қажеттілігі;
- алған білім мен ептілікті практикалық жұмысқа және күнделікті өмірде белсенді пайдалану.
Білім стандартын маман педагогтар жалғыз мақсатпен – елдің білімдік мүдделерін, оның даму сұраныстарын қамтамасыз ету үшін жасайды. Оның стратегиялық және шешуші сала екені соншалықты, дамыған елдерде, қоғам оны тәуекелмен тек педагогтардың қолына беріп қоя алмайды. Стандартта бұл мүдделер мен қа­жеттіліктер қаперге алынған ба, жоқ па, оған қоғам мен мемлекет біріге отырып баға береді.
12 жылдық білім берудің стандарты қандай дәрежеде?
Жұртқа белгілі, 2004 жылы 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республика­сында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда 2008-2009 оқу жылында 12 жылдық мектепке өту жоспарланған.
12 жылдық білім беруге сапалы өтуді қамтамасыз ету үшін 2005 жылы 12 жылдық бі­лім беру проблемаларының Республикалық ғылыми-практикалық орталығы (РНПЦ) құрылды. 12 жылдық мектептің білім стандартын жасау бұл орталықтың бірінші кезектегі міндеті болды.
12 жылдық мектептің білім стандарты мынадай үш құжаттан тұрады:
- негізгі ережелер,
- пәндік стандарттар,
- білім берудің оқу бағдарламалары.
Білім беру мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының негізінде жасалған оқыту бағдарламаларымен анықталады.
Жалпы білім беруге арналған оқыту бағдарламалары типтік және жұмыс бағдарлама­ларынан тұрады. Типтік бағдарламалар стандарттар негізінде, ал жұмыс бағдарламалары тиісті типтік оқыту бағдарламалары негізінде жасалады.
12 жылдық мектептің оқулықтары осы құжаттар негізінде жазылуы тиіс.
Бүгінгі күннің шындығына келсек, осы кезге дейін 12 жылдық мектептің білім стандартының негізгі ережесі жоқ.
Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшылығы дайындалған 12 жылдық мектептің білім стандартының негізгі ережелерінің жобасын жетілдіру қажет деген бірден-бір дұрыс шешім қабылдады.
Қазіргі уақытты 12 жылдық мектеп бастауыш сыныптарының оқулықтары жазылып, сараптан өткізілді деген пікір айтылуда.
Мұнда біраз сұрақтар туындайды:
- егер 12 жылдық мектептің бастауыш сыныптарында 11 жылдық мектеп стандарты бойынша жазылған оқулықтар қолданылатын болса, онда қандай мектеп реформасы жөнінде сөз айтуға болады?
- жұртшылық қауым танысу үшін 12 жылдық мектеп стандарттарының негізгі ере­желері жариялана ма?
- алдағы реформаның мемлекеттік маңызын қаперге ала отырып және оны сапалы өткізу үшін әлі де болса көптеген істер атқару қажеттігін мойындай отырып, 12 жылдық білім беруге көшудің мерзімін өзгертуге болмай ма?
Жалпы білім беру жүйесінің маңызды проблемаларының бірі – өскелең ұрпақты тәр­биелеу. Жапония білім беру жүйесі – әлемде алдыңғы қатарлылардың бірі. Бүгінгі жапон мектебі, бірінші кезекте, жапондықтардың ұлттық рухын дәріптейді, өз тәрбиеленушілерінде адамгершіліктің тиісті нормаларын қалыптастырады, олардың бойына ұлттық мінез-құлықтың негізгі белгілерін сіңіріп, дамытады. Осы мақсатты іске асыру үшін Жапония мектептерінің оқу жоспарында әртүрлі гуманитарлық пәндерді оқытуға көбірек көңіл бөлінеді. Бұл пәндердің кейбіреулері біздің мектептерде тіпті оқытылмайды, не өте аз оқытылады.
Соңғы кезде баспасөз бетінде Америка мен Батыс елдерінің ғалымдары “өскелең жастарды рухани және адамгершілікке тәрбиелеуде Шығыс елдерінің тәжірибесін зерттеп, оны пайдалану дұрыс болар еді” деген ой айтуда, өйткені, бұл фактор білім беру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Біздің ойымызша, біздегі ұсынылып отырған стандарт бұл тұрғыдан әлі де болса қайта қаралуы керек.
Отандық оқу құралдарын жасау 1996 жылы “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқу­лықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау мен басып шығару” атты мақсатты кешенді бағдарлама қабылданған соң басталды. Бұл білім беру жүйесін реформалаудағы маңызды қадам болды.
Кеңес одағы кезеңінде қазақ мектептері сабақтарды аударма оқулықтар арқылы жүргізді, елімізде мектеп оқулықтарын жасау тәжірибесі болмады. Осыған қарамастан, қысқа мерзім ішінде 11 жылдық мектептің барлық оқулықтары дайындалды.
Оқулықтар жазудың күрделі іс екенін жақсы білген ірі ғалым, академик А.Колмогоров оқулық жасау қиындығын реактивті ұшақ жасау қиындығымен салыстырған еді. Реактивті ұшақ жасау үшін ондаған институттар мен мыңдаған адамдар жұмыс істейтіні бәрімізге аян.
Осы уақыт ішінде Қазақстанда оқулық басып шығарудың әлемдік талаптарына жауап беретін бір де бір оқулық жасалған жоқ. Жақсы оқулықсыз жақсы білім болмайтыны белгілі. Сондықтан бұл маңызды мәселе 12 жылдық мектеп оқулықтарын жасау кезеңінде бөлек әңгімені талап етеді.
Білім сапасы туралы әңгіме қозғағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) туралы айтпау мүмкін емес.
Кез келген білім реформасы – бұл әртүрлі позициялар мен элементтердің қосындысы емес, басты білімдік және әлеуметтік-білімдік мақсат доминантындағы олардың бірыңғайлығы.
ҰБТ-да бұл бірыңғайлық болған жоқ. Керісінше, әрқайсысы өзіне басымдықты талап ететін әралуан мақсаттардың көзге ұрып тұрған қайшылығы болды. ҰБТ-ның өз қадірін түсіруі мен сенімді жоюының басты себебі – оның мазмұны стандарттың рөлін атқара бастауында болды (көптен бері атқарып келеді). Бұл жалпы білім берудің сапасының төмендеуі мен терең тоқырауына жол ашты. Арбаны аттың алдына қойып, ҰБТ-ның идеологтары, шын мәнінде оқу материалдарын ҰБТ-ны тапсыру құралына айналдырды. ҰБТ-ның идеологтарына оны өткізудің технологиялық базасының нашар екені әу бастан-ақ белгілі болды. Бақылау-өлшеу материалдарының (КИМ) зияндылығы анық еді. Соған қарамай басты назар осы нашар да әлсіз тестерге аударылды.
ҰБТ-ның ережелеріне сәйкес мектепті бітірушілер үш сағатта 120 сұраққа жауап беруге тиіс болды, былайша айтқанда, әр сұраққа жауап іздеуге 1,5 минөт берілді. Осы 1,5 минөтке есептелген уақытта кез келген пәннен дұрыс сұрақ түйіндеп, абитуриент бұл пәнді қаншалықты терең меңгергеніне баға беруге бола ма? Мұндай сұрақ қоюдың өзі күлкілі сияқты. Осындай қарадүрсін сұрақтар қойып, мектеп бітірушілердің тағдырларын шешуге бола ма? Тіпті осы жылдың өзінде 100-ден жоғары балл алған Алматы қаласының кейбір оқушыларының жылдық “үштік”, ал тоқсандық “екілік” бағалары болған.
Әрине ҰБТ-ны іске қосқанша тәжірибе жинақтап, кадрлар дайындау, т.б. керек еді. Бірақ бұл жасалмады. Әкімшілік ресурстың көмегімен қажетті бағытта түзеп отыруға келетін лездік нәтиже керек болды.
ҰБТ-ны біздің елде ендіру осыдан он жыл бұрын басталса да, осы уақыт ішінде оны жетілдіру мақсатында пәлендей өзгерістер жасалған жоқ. Ал ғылыми тестология бүгінге дейін ешкімге белгісіз, не педагогикалық жоғары оқу орындарында, не университеттерде оқытылмайды.
Қиыр шет елдерді айтпағанның өзінде, көрші Ресейде бірыңғай мемлекеттік емтихан­дарды (ЕГЭ) жетілдіру үшін үлкен жұмыстар істелді. ҰБТ-да қолданылатын қарадүрсін сұрақтар барлық тапсырмалардың 30%-ын ғана құрайды. Ресей бақылау-өлшемдік материалдарының (КИМ) екінші бөлімінде ашық тест бар. Ол бойынша берілген сұраққа көрсетілген жолда керекті сөзді (жауап) жазу керек. Ресей КИМ-дерінің үшінші бөлігін жабық тест құрайды, басқаша айтқанда, математикадан, физикадан, химиядан, биологиядан күрделі есеп шығару немесе гуманитарлық пәндерден эссе, шығармалар жазу. Осыған қарамастан, ММУ бастаған Ресейдің жоғары оқу орындары ЕГЭ-ні жетілдірілмеген деп, оның нәтижелері негізінде абитуриенттерді қабылдаудан бас тартты. ММУ ректоры, академик В.А.Садовничий­­дің айтуы бойынша, ЕГЭ ресейлік білімді модернизациялаудың кешенді міндеттерін өзімен алмастырып, бүтіндей тұншықтырды.
Осы жылдың тамыз айында Ресей Федерация Кеңесінің төрағасы Сергей Миронов оқушылардың білімін және жоо-ға түсуін бағалай алмайтын, пайдасы жоқ құрал ретінде Бірыңғай мемлекеттік емтиханды қолданыстан алып тастауды ұсынды. Спикердің сөзі бойынша, “ресейлік білім жүйесі бүлдірілмей тұрғанда ЕГЭ-ден бас тарту қажет. “Антикоррупциялық” аргумент те жұмыс істемеді”.
Федерация Кеңесінің спикері ЕГЭ-мен жасалған эксперимент өз нәтижесін бермеге­нін, өзін ақтамағанын ашық мойындауға шақырды. Оқушылардың білімін ЕГЭ-мен қалай болса солай тест өткізу арқылы бағалауды үзілді-кесілді тоқтатуды талап етті.
Көріп отырғанымыздай, біздің ҰБТ-да қолданып жүрген тестер Ресей ЕГЭ-сінде қол­данып жүрген тестермен салыстырғанда, әлдеқайда қарадүрсін. Осындай тестермен қаруланған жоғары сынып оқушылары 1998 жылдан бастап ҰБТ бойынша емтихан тапсыратын пәндерді терең зерделеп оқымайтын болды. Тестілеудің ең қарадүрсін әдісін елімізде ендіре отырып, соңғы сегіз жылда балалардың барлық пәндерден іргелі білім алуға талпынысын қайтарып тастадық. Жоғары сынып оқушылары оқу­лықтарды, көркем әдебиетті оқуды, мәселенің мәнісіне үңілуді, теорияларды, құбылыстарды, бейнелерді талдап түсіндіруді, өз ойларын жүйелеуді, негіздеуді қойды. Сонымен тестілеудің бұл жүйесі еліміздің білім беру жүйесіне орны толмас нұқсан келтірді.
Реформалау үрдісінің тиімділігі білімді басқару мен жоспарлауға байланысты екені белгілі. Германия білім жүйесін басқару моделі мен жоспарлау жүйесі көрсетіп отырғанындай, басқаруда шешімдер қабылдау үшін онда кеңесші, ұсыныс беруші және үйлестіруші органдардың келісімі керек. Мысалға, Германия жоғары білім жүйесінің маңызды мәселелерін талқылауда ғылыми кеңес кеңесші орган болып табылады. Ол федералдық үкімет пен жергілікті үкімет өкілдерінен, жоо мен ғылыми-зерттеу институттарының, сонымен бірге кәсіпорындарының өкілдерінен тұрады. Ғылыми кеңестің міндеті жоғары оқу орындары құрылымдары және оқытылатын пәндер мазмұны, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен оған дұрыс бағыт беру туралы ұсыныстар мен құнды пікірлерін беріп отыру. Жыл сайын ғылыми кеңес жоғары білім жүйесінің қай объектісіне қанша күрделі қаржы салу керектігі жөнінде де өз ұсыныстарын беріп отырады. Үкімет болса, бұл ұсыныстарды өз қаперіне алады.
Елімізде, Білім және ғылым министрлігі жанынан кеңесші, ұсыныс беруші және үй­лестіруші органдар құрылған болса, онда білім саласында жүргізіліп отырған реформалар сапасына тек министрлік қана жауапты болмаған болар еді. Бұл білім беру жүйесінің дамуына басқа да мемлекеттік органдармен бірге қоғамдық ұйымдардың араласуын қамтамасыз етіп, оған жалпы қоғамның да жауапкершілігі арта түсер еді.
Білім беруді жоспарлау халықаралық институтының директоры Ж.Аллак бір кезде былай деген: “Көп елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, білім беру үрдісі күрделілігінің басты себебі тек қаржыда жатқан жоқ, ол ақшаны үйіп-төгіп шеше салуға болмайтын қиындықтарда жатқандығында”. Осы лауазымда оның алдында болған көрнекті американдық зерттеуші, әрі білім қайраткері Ф.Кумбе бұл ойды одан қатаңырақ түйіндей түсті: “Дағдарысты ауыздықтау үшін білім берудің әр жүйесіне ақшаға сатып алуға болмайтын идеялар, батылдық, қайраттылық, іздену мен өзгерістерге ұмтылыс және өз істегеніне өзі сыни баға бере алатын бейімділік керек”.
Қазіргі уақытта, біздің ойымызша, еліміздің білім беру жүйесінде осындай мезгіл туған сияқты. 12 жылдық білімге өту – отандық білімде маңызды кезең. Екінші жағынан, бізге білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне шығаруды қамтамасыз ететін білім саясатын жасап, жүзеге асыруға тарихи мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан біз, 2008 жылы 12 жылдық мектепке сапалы көшу мүмкіндігін алда бола­тын Білім беру қызметкерлерінің съезінде кеңінен талқылап, қажетті шешім қабылдауды ұсынамыз.
Білімді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 12 жылдық білім беруге өту 7 жылда іске асырылуы керек. 2008-2009 оқу жылында 1 сынып, 2009-2010 оқу жылында – 2, 5 және 11 сыныптар, т.т. өтуі керек. Бұл жұмыс 2014-2015 оқу жылында 12 жылдық оқудың бағдарламасына 10 сыныптың өтуімен аяқталады.
Біз 12 жылдық білім беруге өтудің мерзімін 2010-2011 жылға ауыстырып, оны аз уақытта – бар болғаны 4 жылда, 2013-2014 оқу жылында аяқтауды ұсынамыз. Бұл – 12 жылдық білім беруге көшуді Білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген мерзімнен 2 жыл кеш бастап, 1 жыл бұрын аяқтау деген сөз.
2010-2011 оқу жылында 12 жылдық оқуға 1, 5 және 9 сыныптар, 2011-2012 оқу жылында 2, 6 және 10 сыныптар, ал 2013-2014 оқу жылында қалған 4, 8 және 12 сыныптар өтетін болады.
Ұлы орыс ғалымы, Ресей ғылыми педагогикасының негізін салушы Константин Дмитриевич Ушинский былай деген: “Педагогиканың кең табаны мен өте жіңішке төбесі бар: бастапқы сабақ берудің дидактикасы том-том болуы мүмкін; университетте лекция оқу дидактикасын екі сөзбен айтуға болады: “өз пәніңді жақсы біл және оны анық түсіндір”. Осы бұлтартпас шындықты түсіндіре келіп, Ушинский: “Білім беретін оқушылардың жасы неғұрлым кіші болса, оларды тәрбиелейтін тәрбиешіден соғұрлым көбірек педагогикалық таным талап етіледі. Және бұл талап оқушының жасына байланысты көбеймей, азаяды”.
Бұл педагогикалық аксиоманы біз толық меңгеріп, білім саясатын жасағанда және 12 жылдық мектепке өтуді жүзеге асыруда ескеруіміз керек.
12 жылдық мектептің білім стандартын жасағанда орта және жоғары кәсіптік білім беру стандарттарының да онымен бірге жасалуын қамтамасыз еткен дұрыс, себебі жоғары сыныпта бейіндік оқыту іске асырылғанда, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқытылатын жалпы білім беретін пәндер негізінен 12 жылдық мектепте оқытылатын болады. Және, біз осы кезде ғана жоғары оқу орындарында дамыған елдер деңгейінде бакалаврлар мен магистрлар дайындайтын боламыз.
Қорыта айтқанда, Білім және ғылым министрлігі ескертіп отырғандай, білім берудің жаңа мазмұнын жасау үшін алдағы уақытта қыруар істер атқарылуы қажет.

Авторы: Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

мақала “Егемен Қазақстан” газетінде 11.02 жарияланған.

About these ads

Single Post Navigation

4 thoughts on “Сапалы білім – заман талабы

  1. Қарақұлова Лаззат on said:

    ҰБТ алғаш шыққанда бұл мұғалімнің қолынан бала білімін бағалайтын мүмкіндігін алып қоятын құрал деп естіген едім. Сол рас болды. ҰБТ-ұят нәрсе.

  2. Ләззат on said:

    Жанғозы сапалы білімнің көзі туралы кестелік,графиктік,мәтіндік мәліметтерді көбірек берсең?

  3. zhangozy on said:

    Сәлем
    неге блок косылды дегеніңді түсінбедім
    ҰБТ алған балдар текке кетпейді әрине. Ал, тереңірек зерттеліп газет журналдар бетіне жазылмай жатқан жоқ қой соны еститін құлақ болмай тұрған сияқты.

  4. 11 сш 26 on said:

    неге блок косылды казіргі білім сапасы оган сәйкес келмейді сонда ҰБТ-дан алган балымыз текке кете ме сол жайлы теренәрек зерттеләп газет-журналдарга жарияланса

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.

%d bloggers like this: